Книга Памяти



   
поиск по Ф.И.О:             поиск по всем полям:  


По вашему запросу '19' было найдено совпадений: 25577


Қуанышбаев Нұржан

       1904 жылы Қараторғай болысы, кейінгі Аманкелді ауданында туған. Әскерге Торғай АӘК-нан шақырылып, 41 армиясының арнаулы ротасында қызмет еткен. Жау әскерін Сталинград майданынан Одер өзеніне дейін шегіндіру ұрыстарына қатынасып, 1945 жылы жараланып, госпитальда емделіп, әскер қатарына жарамсыз болып, елге оралған. Жауынгерлік ерлігі үшін ІІ дәрежелі Даңқ орденімен, «Сталинградты қорғағаны үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» және жеңістің мерекелік медальдарымен марапатталған. Зейнеткерлікке шыққанға дейін малшы болып жұмыс істеген. 1990 жылы қайтыс болған.


Амангельдинский район




Қыдырмаұлы Шәйкен

       1906 жылы қантар айының 10-да бұрынғы Торғай үйезінің Науырзым болысында дүниеге келген. 12-жасында әкеден, 14 жасында шешеден жетім қалыпты. 1942 жылы Ұлы Отан соғысына Қостанай облысының Аманкелді аудандық әскери комиссариаты арқылы алынады. Соғысқа Еділ бойында, Сталинград және Украина майдандарында қатынасқан. Майданда үш рет ауыр жараланған. Жаудың Сандомир бекінісін бұзуға, Оппельн, Равич, Трахтенберг қалаларын басып алуға қатысты. Берлинге 150 км жетпей барып тоқтады. Ұлы Отан соғысынан елге 1945 жылы 20 мамырында оралды. Бірден колхоз жұмысына араласты, жылқы, қара мал бақты, қол жұмыстарын істеді. 1966 жылы зейнеткерлікке шықты. ССРО-ның Қарулы Күштерінің, Ұлы Жеңістің мерей тойларына арналған мерекелік медальдары бар. 1984 жылы 18 наурызда дүниеден өтті. Жұбайы Бәтима Оспанқызы екеуі отбасында 4 бала тәрбиелеп өсірді. Ол балаларынан қазір 16 немере, 21 шөбересі бар.


Наурзумский район




Қылдыбаев Қимат

       1924 жылы мамыр айының 24 күні Қостанай облысы, Аманкелді ауданы, Жаңа-ауылдық Кеңесінде «Ағашты көл» деген жерде туған. 1942 жылдың 4 ақпанында Қызыл Армия қатарына шақырылып, Свердловск облысының Ірбіт қаласындағы әскери дайындықтан өткеннен кейін 27-атқыштар дивизиясының 74-ші полкінің қарамағына жіберіліп, Калуга қаласы мен басқада елді мекендерді жаудан босатады. 1943 жылы жазғы шабуыл басталады да бұл жолы Брянск, Орджоникидзе, Орел қалаларын жаудан азат етуге қатысып, Белоруссия жерінде де болып, Гомель қаласы мен ондаған елді мекендерді босатуға қатысады. Польшаның Гнезно, Курно және Познань қорғанын жаудан босатудағы қырғын ұрыста жараланып, Саратов қаласындағы госпитальға жіберілді. Емделіп шыққаннан кейін 47 армияның 334 гвардиялық атқыштар полкіне жіберіліп, соғысты Берлин қаласына жақындағанда аяқтаған. Содан 1946 жылы армия қатарынан босап, елге келіп аудандағы мал бордақылау ұжымында мал дәрігері, мал қабылдаушы жұмыстарын істеп, зейнеткерлікке шығады. Соғыста ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», Кеңес Одағының Маршалы Г.К. Жуковтың және соғыстан кейінгі мерекелік медальдармен марапатталған. Қазір аудан халқының құрметті соғыс ардагері. Екі ұл, бір қыз, бес немере ұрпақтары бар.


Амангельдинский район




Үкiбасов Сарлақ

       Қазіргі Қостанай облысы, Аманкелдi ауданында 1918 жылы 16 қаңтарда дүниеге келген. Осы Аманкелдi ауданында мектептi бiтiрген. Ұлы Отан соғысына 1941 жылы шақыртылып қатысқан. Соғыстан 1945 жылы келген. Соғыстағы ерлiк iстерi үшiн ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, Қызыл Жұлдыз орденімен, «Ерлігі үшін», «Еңбек ардагері», Жеңістің мерекелік бес медальдарымен марапатталған. Елге оралған соң, қызмет еткен. Жұбайы Қанипа екеуi 2 бала тәрбиелеп, немере көрген кiсiлер.


Наурзумский район




Үндемесов Жаманқұл

       1925 жылы Шилі өңірінде дүниеге келген. Білімі 7 класс. Жітіқарада механизаторлық мамандықты меңгерген. 1942 жылы армияға алынған. Челябі облысының Шұбаркөлінде сегіз ай дайындықтан өтіп, Украина майданында соғысады. Курск шайқасында сол жақ иығынан жараланған. Госпитальдан шыққан соң, 44 танк бригадасының құрамында соғысып жүргенде 1944 жылы кеудесінен ауыр жарақат алып, Москвадағы госпитальда емделген, кейін Ессентуки санаториінде сауықтандырылды. Соғысқа жарамаған соң, елге қайтарылған. Ауылда әуелі әкесімен бірге жылқы баққан. Кейін 1958 жылдан 1985 жылға, зейнетке шыққанға дейін, «Бестау», «Шилі» кеңшарларында техникалық қойманың меңгерушісі боп істеді. ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені, бірнеше медальдары бар. Қазір өзінен тараған балалары мен немерелерінің арасында бақытты өмір сүруде. Қоғамдық өмірге белсене араласатын, тынымсыз ардагер.


Джангельдинский район




Үнембаев Танаубай

       1918 жылы Ақжар қонысында дүниеге келген. Армияға 1939 жылы шақырылған. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысты. Балтық жағалауындағы Латвия, Литва елдерін жаудан тазартуға үлес қосқан. Елге 1946 жылы мамырда оралды. 1960 жылға дейін кеңшарда мал бағып, еңбек үлгісін көрсетті. 1988 жылы дүниеден өтті, ұрпақтары бар.


Джангельдинский район




Үркімбаев Құлатай Мырзаболатұлы

       1926 жылы Шолақсай өңiрiнде туған. 1944 жылы қараша айында майданға аттанды. Ұрыста ерлiгiмен көзге түскен. Әскери дайындықты шебер меңгерген. 36 рет соғыста алғыс алған, орден-медальдармен марапатталған, үздiк артиллерист. 1950 жылы елге оралды. Зейнеткерлiкке шыққанша ауылда еңбек еттi. Үйленген, артында балалары мен немерелерi қалды.


Наурзумский район




Әбдіғалиев Сейітфазыл

       1918 жылы Қаламқарасу ауылында туған. 1939 жылы Қостанайда педтехникум бітірген. Торғайдың орталығындағы мектепте оқытушы боп жүргенде 1941 жылы әскер қатарына алынған. Бірінші Украина майданында ұрыстарға қатынасқан. Жарақаттанып, неміс әскерлерінің тұтқынына түскен. Кейін кеңес әскерлері азат еткен соң, қайтадан жауға қарсы соғысты. Елге 1947 жылы оралды. Зейнетке шыққанға дейін Қаратүбек орта мектебінде мұғалім, интернат меңгерушісі міндеттерін атқарды. Ұлы Отан соғысына қатысушы ретінде Жеңістің, Қарулы Күштердің атаулы жылдарында мерекелік медальдармен марапатталған. 1991 жылы туған ауылында дүниеден өтті.


Джангельдинский район




Әбдіқадыров Әбдібек

       1924 жылы Қостанай облысының, Аманкелді ауданында Тасты деген жерде туған. Аудан орталығында орта мектепте оқып жүргенде 1941 жылы соғыс басталып, Қызыл Армия қатарына алынады. Әскери дайындықтан өтіп, Украина майданындағы 383 атқыштар, соңынан 896 атқыштар полкі құрамында соғысады, Венгрия, Австрия, Чехословакия жерлерін немістерден азат етуге қатысады. Соғыста 2 рет жараланып, госпитальда емделіп, соғысқа қайта кіріседі. Майдангер елге оралған соң Амантоғай совхозында есепші, аудандық партия комитетінде нұсқаушы, Жданов атындағы колхоздың басқармасы, Жангелдин атындағы колхоздың басқарма орынбасары, кейін совхоздар құрылғанда бөлімше меңгерушісі болып, зейнеткерлікке шыққанша жұмыс істейді. «Ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Тың жерлерді игергені үшін», және мерекелік медальдармен марапатталған. 11 қараша 1974 жылы қайтыс болды. Артында 4 балалары мен немерелері бар.


Амангельдинский район




Әбділдин Сұлтан

       1921 жылы Аманкелді ауданының Қарасу ауылында туған. Білімі бастауыш. 1942 жылы қаңтар айында Торғай АӘК-нан әскерге шақырылып, 1075 АД, 615 АП қатардағы жауынгер болған. 1944 жылы ІІ топтағы мүгедек болып елге оралған. Елде зейнеткерлікке шыққанша шофер болып жұмыс істеген. 1987 жылы қайтыс болған.


Амангельдинский район





А | Б | В | Г | Д | Е | Ж | З | И | Й | К | Л | М | Н | О | П | Р | С | Т | У | Ф | Х | Ц | Ч | Ш | Щ | Ъ | Ы | Ь | Э | Ю | Я Все
Яндекс.Метрика