Қалиев Жұмағазы 1923 жылы Қостанай облысы, Жангельдин ауданы, Тосын ауылында туды. Әскерге 1942 жылы Жангельдин аудандық комиссариаты арқылы алынып, Сталинград майданында, 88-атқыштар полкінде снайпер болды. 1943 жылы ауыр жараланып, елге оралды. Жангельдин ауданының «Ақшығанақ» колхозы, кейін ХХІ партъезд совхозында аға жылқышы болып істеді. 1986 жылы зейнеткерлікке шықты. ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» және 11 мерекелік медальдармен марапатталған. Қазір Арқалық қаласы, Родина елді мекенінде тұрады. |
Қалиев Жұмабай Қалиұлы 1910 жылы 14 ақпанда Қостанай облысы, Аманкелдi ауданындағы Бейнетқорқ ауылында дүниеге келген. Мереке ауылында «Егiнбұлақ» колхозында бригадир болған. 1941 жылы мамыр айында соғысқа аттанды. 1943 жылы қабырғасына оқ тиiп, госпитальда 9 ай емделiп жатқан. Жазылған соң, қайта майдан шебіне аттанды. Соғыстан 1945 жылы жеңiспен келген. Смоленск, Харьков, Воронеж қалаларын азат етуге қатысқан, Балтық теңiзiнде соғысты аяқтаған. І дәрежелі Отан соғысы орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Ерлік еңбегі үшін» медальдарымен және мерекелік медальдармен марапатталған. Елге оралған соң колхозда бригадир болып қызмет атқарған. Жұбайы Нұрмағанбетқызы Сақи екеуi отбасылы болып, 4 ұл 2 қыз тәрбиелеп өсiрген. 1983 жылы 23 қарашада дүнеден өттi. Наурзумский район |
Қалиев Жалкен (Жармұхамбет) 1900 жылы Қарақоға болысында өмірге келген. Торғайда Ы.Алтынсарин ашқан 2 сыныпты орыс-қазақ мектебін бітірген. Кейін Орынборда рабфакта оқып, бірақ тұрмыс жағдайымен аяқтай алмаған. Көп жылдары Жітіқарада, «Құмақ» алтын кенінде жұмыс істеген. Әскерге 1941 жылы алынып, соғыстың соқпақ жолдарымен Берлинге дейін барған. Елге келген соң өмірден өткенше (1954 жылы) Жангелдин атындағы ұжымшарда шопан боп еңбек етті. Ол кісінің 2 баласынан тараған ұрпақтары Арқалық, Торғай қалаларында тұрып жатыр. Джангельдинский район |
Қалиев Кенжеғара Қалиұлы 1922 жылы 1 қаңтарда туған. 1942 жылы күзде соғысқа шақыртылып, 8 ай уақыт өткен соң қолынан жарақат алып елге оралған. Науырзым ауданында мұғалім болып қызмет істеді. Кішкентай балалар мен қоса, оқу мен жазу білмеген үлкен азаматтарға да білім берді. Бейбіт жылдары Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде бірнеше рет мерекелік медальдарымен, Кеңес Одағының Маршалы Г.К. Жуковтың медалімен, ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. Отбасында жұбай екеуі 9 бала тәрбиелеп өсірген. 27 немере, 4 шөбере сүйген. 2006 жылы 16 сәуірде қайтыс болды. Наурзумский район |
Қалиев Мұса 1907 жылы Торғайдың Ақкөл аумағында туған. САУЖОЙда және ауыл молдасынан сауатын ашқан. 1941 жылы әскерге алынған. Белоруссия жерінде ұрыстарға қатнасқан. Соғысты Приморье өлкесінде жапондарға қарсы ұрыста жүріп аяқтады. Елге 1946 жылдың басында оралды. Көп жылдар бойы бірыңғай шопан боп істеді. Бейбіт уақытта үздік еңбегі үшін талай марапатқа ие болды. Соғысқа қатысушы ретінде мерекелік медаль, белгілермен атап өтілді. Өз аулында 1988 жылы дүниеден өтті. Артында қалған 2 баладан 12 немерелері бар. Джангельдинский район |
Қалиев Насыбай 1924 жылы 15 қазанда Аманкелді ауданында туған. Әскерге Торғай АӘК-нан 1940 жылы шақырылып, 597 АП құрамында қатардағы жауынгер болған. Әскер қатарынан 1945 жылы босап елге келген. 1994 жылы қайтыс болған. Амангельдинский район |
Қалиев Оспан 1919 жылы Қостанай облысы, Батпаққара ауданы, №10 ауылында туған. Аудан орталығында оқып, бастауыш білім алған. 1932 жылы Қостанай қаласындағы есепшілер дайындайтын курсты бітіріп, 1934 жылдан Совпарт школда оқыған. 1941 жылдың тамыз айында әскерге шақылырды (Торғай АӘК-нен), Курск доғасындағы ұрыста 522 АН құрамында пулеметшілер взводын басқарған. Поныри ауданы маңындағы ұрыста ауыр жараланып, госпитальда ұзақ емделіп, 1944 жылы елге оралады. Елге келген соң аудан колхоздарында есепші болып жұмыс істейді. 1950-1955 жылдары аралығында Жанкелдин ауданындағы «Еңбек» колхозында есепші, кейін колхоз басқармасына сайланады. Кейін Аманкелді ауданына көшіп келіп, аудандық мал бордақылау мекемесінде жұмыс істеп зейнеткерлікке шығады. Жауынгерлік ерлігі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен «Ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуковтың медальдарымен марапатталған. Жанұясында 8 баласы, 28 немере, 11 шөбересі бар. Қайтыс болған. Амангельдинский район |
Қалмағамбетов Тоқтар 1920 жылы Аманкелді ауданына қарасты Социал ауылында туған. Әке-шешеден ерте айырылды, ағайындарының ортасынд жетім өсті. 1940 жылдың тамыз айында әскер қатарына шақырылды. Ұлы Отан соғысына қатысты, 24 теміржол полкі құрамында майданның алғы шебінде жаумен талай айқастарда болып, ерлік көрсетті. Германияны жеңгеннен кейін, милитаристік Жапониямен болған соғысқа қатысып, 1948 жылдың 24 наурызында елге оралды. Өмірінің біраз жылдары бойы қалалық сауда-тамақтандыру мекемесінде жүк тасушы болды. Отбасылы, екі бала тәрбиелеп өсірді – Фарит пен Фариданы. Соғыстағы ерлігі үшін Отан соғысы орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. 84 жасына қараған шағында дүниеден өтті, Қостанайда жерленді. Амангельдинский район |
Қалмағанбетов Жағыпар 1924 жылдың 1 сәуірінде Аманкелді ауданы Жаңа ауыл ауылдық кеңесінде туған. 1942 жылы Торғай АӘК-нан әскерге шақырылып, 331 АД, 1229 АП қатарында бөлімше командирі болған. ІІ Украина майданында соғысып, Венгрия, Польшаны азат ету ұрыстарына қатынасқан. ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін» және 8 мерекелік медальдармен марапатталған. 1944 жылы жараланып елге оралған. Елге келген соң, аудан мекемелерінде басшы қызметтерде істеген. 2006 жылы қайтыс болған. Амангельдинский район |
Қалмурзин Әлмұхан 1920 жылы Аманкелді ауданы, Жаңа ауыл ауылдық кеңесінің Үрпек ауылында туған. 1942 жылы Торғай АӘК-нан әскерге алынып, 92 АД, 10 дербес АБ құрамында соғысқан. 1944 жылы жараланып, әскер қатарынан босаған. Елге келген соң, зейнеткерлікке шыққанша мектепте ұстаз болған. 1997 жылы қайтыс болған. Амангельдинский район |