Книга Памяти



   
поиск по Ф.И.О:             поиск по всем полям:  


По вашему запросу 'П' было найдено совпадений: 7409


Қалақ Өтепқалиұлы

       1915 жылы қазіргі Қостанай облысы Науырзым ауданы Дәмді ауылында дүниеге келген. Еңбекке ерте араласты. Соғысқа 1942 жылдың аяғында шақырылып, бір ай дайындықтан өткен соң, майданға Сталинград түбіндегі сұрапыл шайқасқа бірден түседі. 1943 жылдың көктемінде жаралы болып санчастқа түседі, айыққаннан кейін қайтадан майданға қосылады. Сталинград қаласын неміс басқыншыларынан түгелдей босатуға қатысады. Сол жылдың күзінде тағыда жаралы болады, емделеді. Комиссияның соғысқа жарамсыз деген шешімі бойынша әскери қызметтен босап, елге оралады. Көп жылдар бойы колхоздың, кейін совхоздың жылқысын бақты. 70-ші жылдың ортасына дейін совхоздың поштасын ат-арбамен тасып мекемелерге, бөлімшелерге жеткізіп тұрды. Жасы келген шағында, құрметті демалысқа шықты. Сегіз баланың әкесі (5 ұл, 3 қыз), бәрін оқытып тәрбиеледі, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға жеткізген. Соғыс және еңбек ардагері І дәрежелі Отан соғысы орденімен, Совет Одағының Маршалы Г.К. Жуковтың, Жеңіске арналған жеті мерекелік медальдармен және «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. 2000 жылдың 21 мамырда 85 жасында дүниеден озды, туған жері Дәмді ауылында жерленді.


Наурзумский район




Қалиев Оспан

       1919 жылы Қостанай облысы, Батпаққара ауданы, №10 ауылында туған. Аудан орталығында оқып, бастауыш білім алған. 1932 жылы Қостанай қаласындағы есепшілер дайындайтын курсты бітіріп, 1934 жылдан Совпарт школда оқыған. 1941 жылдың тамыз айында әскерге шақылырды (Торғай АӘК-нен), Курск доғасындағы ұрыста 522 АН құрамында пулеметшілер взводын басқарған. Поныри ауданы маңындағы ұрыста ауыр жараланып, госпитальда ұзақ емделіп, 1944 жылы елге оралады. Елге келген соң аудан колхоздарында есепші болып жұмыс істейді. 1950-1955 жылдары аралығында Жанкелдин ауданындағы «Еңбек» колхозында есепші, кейін колхоз басқармасына сайланады. Кейін Аманкелді ауданына көшіп келіп, аудандық мал бордақылау мекемесінде жұмыс істеп зейнеткерлікке шығады. Жауынгерлік ерлігі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен «Ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуковтың медальдарымен марапатталған. Жанұясында 8 баласы, 28 немере, 11 шөбересі бар. Қайтыс болған.


Амангельдинский район




Қалмағанбетов Жағыпар

       1924 жылдың 1 сәуірінде Аманкелді ауданы Жаңа ауыл ауылдық кеңесінде туған. 1942 жылы Торғай АӘК-нан әскерге шақырылып, 331 АД, 1229 АП қатарында бөлімше командирі болған. ІІ Украина майданында соғысып, Венгрия, Польшаны азат ету ұрыстарына қатынасқан. ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін» және 8 мерекелік медальдармен марапатталған. 1944 жылы жараланып елге оралған. Елге келген соң, аудан мекемелерінде басшы қызметтерде істеген. 2006 жылы қайтыс болған.


Амангельдинский район




Қанапин Қожа

       1910 жылы Торғай өңірінің Тамқамыс деген жерде дүниеге келген. 1935 жылдан шофер мамандығын алып, сол тұста аудандық тұтынушылар одағында Құлет, Тайғара, Құбаш төртеуі Торғайдың машина рөліне алғашқы отырған азаматтары болды. Содан 1941 жылы қазан айында Ұлы Отан соғысына аттанды. Балтық майданында соғысты, Ленинград, Кенигсберг қалаларын жаудан азат етті. Бірнеше рет жараланды. 1946 жылы елге оралды. Бұрынғы кәсібінде еңбек еткен, барлығы ғұмырының 75 жасқа дейін машина рөлінен қол үзген жоқ. Аудандық коммуналдық шаруашылық, редакцияда т.б. мекемелерде жемісті еңбек етіп құрметке бөленді. Қожа ақсақалдың кіндігінен бір қызы бар, немерелерімен шөберелері осы Торғайда. «Лениградты азат еткені үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін» және Жеңістің медальдарымен марапатталған. Соғыс және еңбек ардагері 1995 жылы ауыр науқастан дүниеден озды.


Джангельдинский район




Қапақов Назар

       1923 жылы Шұбалаң ауылында өмірге келген. 1942 жылы наурыз айында әскерге алынып, 1945 жылдың желтоқсанына дейін майданда болды. Үшінші армияның бөлімінде байланысшы міндетін атқарды. Польша, Чехословакия елдерін азат етуге қатысып, Берлинге дейін жеткен. Екі рет жарақат алған. «Ерлігі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Берлинді алғаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Елге оралды. Ұжымшарда есепшілік, кейін мал бордақылау кеңшарында кадр бөлімін басқарды. Өте кішіпейіл, өнерпаз күйші, әулеті елге сыйлы болатын. Ұрпақтары Астана, Арқалық, Торғай қалаларында тұрып, үлгілі еңбек етуде.


Джангельдинский район




Қарымсақов Сапан Әбілдәұлы

       1917 жылы 23 ақпанда қазіргі Қостанай облысы, Әулиекөл ауданы, Дана-Бике ауылында дүниеге келген. Еңбек жолы Семиозер ауданының Үш-Қарасу ауылында ветфельдшер болып қызмет атқарумен басталды. Әскерге 1939 жылы қараша айында алынып, 517 кавалерия полкына түседі. Онда 1942 жылдың қазан айына дейін болады. Одан 116 автохим полкында 1943 жылдың қараша айына дейін бөлімше командирі болады. 547 батальонында 1946 жылдың мамыр айына дейін аэродром көмекшісі болады. 1946 жылдың қыркүйегіне дейін 1939 автохим полкында бөлімше командирі болады. Соғыстағы ерлік істері үшін Отан соғысы орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен және басқа да 10 мерекелік медалдарымен марапатталған. 1946 жылы елге оралған соң Семиозер ауданы, Диев совхозы, Үш-Қарасу аулында ветфельдшер болып жүмыс атқарды, одан Шолаққопа ауылында 1963 жылға дейін жылқышы болды. 1963 жылы Көктал совхозында жүмыс атқарып, елге адал еңбегін сіңірген. Жұбайы Жақсылық екеуі 2 бала өсіріп, 9 немере, 3 шөбере сүйіп, қызығын көрген бақытты ата-ана. Сапан Әбілдәұлы Жамбыл селолық аймағындағы қорымға 1988 жылы жерленді.


Наурзумский район




Қожин Қайралап

       1904 жылы Торғайдың Қошалақ құмында дүниеге келген. Сауатын ауыл молдасынан, кейін САУЖОЙдан ашқан. Ауданда алғаш техника тетігін меңгеріп, жүргізуші болған азаматтың бірі. 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысының майдандарында ұрыстарға қатнасып, бірнеше жауынгерлік медальдар алған. Соғыстан кейін ұжымшарда жүргізуші, кейін кеңшарда күзетшілік міндетттерін атқарған. Ұлдары Тілектес, Жанатай Шиліде тұрады. Бәйеке атты баласы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, кеңшар парткомының хатшысы жұмыстарында істеді. Инабатты, үлгілі отбасы. Қайралап ақсақал 1977 жылы дүниеден озды.


Джангельдинский район




Қорғанбеков Көпей

       Ұлы Отан соғысының ардагері, ерен еңбегімен танылған ел ағасы 1923 жылы 17 маусымда бұрынғы Торғай облысы, Амангелді ауданы, Қарасу ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Сол туған ауылында өсіп, сол жердегі мектептен алты кластық білім алған. Есейе келе шаруаға араласты, колхозшы болып, еңбек етті. Осылай өмір жалғаса берерме еді, бейбіт елдің аспанын соғыстың қара бұлты торламағанда. Отанға төнген фашистік апатқа қарсы тұруға, кеудені оққа тосуға, от кешіп, жастық шақты қан майданда өткізуге тура келді. Соғыс жылдары, ұрыс жолдары осылай басталған еді. Сұрапыл соғысқа 243 атқыштар полкінің құрамында Украина жерінде кіріскен еді. Талай ұрыстардың белортасында жүрді, жаумен ерлікпен шайқасты. Жеңілісті де, жеңісті де көрді. Майдандас достарынан айырылып, өзі де өлім мен өмірдің арасында жүрген күндері болған. 1943 жылы 4 қыркүйекте Смоленскі түбінде болған соғыста ауыр жарақат алып, госпитальға түскен. Әйтеуір, көрер күндері бар екен, көп емделді, айықты, еліне оралды. Көп ұзамай бейбіт еңбек майданына араласып кетті. Өз ауылы Қарасуда №3 бөлімшеде жылқышы, малшы болды. Еңбекте жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізді, озат атанды, 1954 жылы КПСС мүшелігіне қабылданды. Соғыс жылдарынан қалған белгісі, ордені мен медальдары сақталуда. Оның ішінде Отан соғысы ордені, Кеңес Одағынын Маршалы Жуков Г.К., Украина республикасының медальдары, «Соғыс ардагері» белгісі, Ұлы Жеңіс құрметіндегі медальдары бар. Жас өспірімдерге соғыстағы Совет Әскерлерінің ерліктерін айтып, Отанға сүйіспеншілікпен қарауды, еңбекте алда болуды насихаттап отырған. Жанұясында жұбайы Камиламен алты бала тәрбиелеп өсірді, жетілдірді. Төрт келіні, екі күйеу баласы бар, жиырма екі немересі өсіп келеді. Соғыс және еңбек ардагері 2004 жылы дүниеден өтті.


Костанайский район




Қорғанбеков Көпей

       1923 жылы Қостанай облысы, Аманкелді ауданы, №11 Жаңаталап ауылында туған. Сол жердегі бастауыш мектепте оқыған, «Жаңаталап» колхозында жұмыс істеген. 1942 жылы сәуір айының 6-шы жұлдызында армия қатарына шақырылған. Шұбаркөл қаласында екі айдай әскери дайындықта болып, осы жылдың қараша айында Калининград майданында 243-ші атқыштар полкінің сапында Белый қаласының түбіндегі ұрысқа қатынасады. 1942 жылдың тамыз айында ауыр жарақаттанып, әскери госпитальға түсіп, одан емделіп шыққаннан кейін Карелия майданына жіберіледі. Соғыстың соқпақ жолдарымен содан кейін ІІ Украина майданына келеді. Немістерден Батыс Украинаны азат етіп, Венгрия жеріне қарай бағыт алады. 1943 жылдың күзінде Карпат тауында неміс әскерімен шиеленіскен қатты ұрыс болып, сонда ауыр жарақат алып, 1944 жылдың сәуір айына дейін госпитальда жатып емделіп, осы жылы елге оралады. Елге келген соң колхозда есепші, сатушы және тағы басқа жұмыстар атқарады. Кейін совхоз ұйымдасқанда бас жылқышы болып көп жыл еңбек етіп, 1983 жылы зейнеткерлікке шығады. Жанұясында 6 бала, 21 немере өсіріп, қазір Аманкелді ауданының Қарасу ауылында құрметті ақсақал болып ғұмыр кешіп жатыр.


Амангельдинский район




Әбілқасымов Жағыпар

       1913 жылы қазіргі Аманкелді ауданы, Үрпек ауылында туған. Әскерге 1942 жылы Торғай АӘК-нан шақырылып, соғыста 1945 жылдың желтоқсанына дейін қатардағы жауынгер, 481 артполк құрамында болған. Ерлігі үшін 3 медальмен марапатталған. Елге келген соң, көп жыл бойы шопан болып жұмыс істеп қайтыс болған.


Амангельдинский район





А | Б | В | Г | Д | Е | Ж | З | И | Й | К | Л | М | Н | О | П | Р | С | Т | У | Ф | Х | Ц | Ч | Ш | Щ | Ъ | Ы | Ь | Э | Ю | Я Все
Яндекс.Метрика