Книга Памяти



   
поиск по Ф.И.О:             поиск по всем полям:  


По вашему запросу 'М' было найдено совпадений: 12918


Нұрғазин Мырзақан

       1921 жылы ақпан айының 17-сі күні Қостанай облысы, Аманкелді ауданының бұрынғы Сартал ауылдық кеңесіне қарасты Қабырға өзенінің жағасында дүниеге келген. 1940 жылы Қостанайдағы акушер-фельдшер дайындайтын мектепті бітірген, содан кейін Қызыл Армия қатарына алынып, Подольскідегі №469 госпитальға санитарлыққа жіберілген. Госпиталь 2 гвардиялық армия, І Белорусс майданының қарамағында болды. Жау шегіне бастағанда, госпиталь да далалық жағдайға көшіп, армиямен бірге үнемі әскери жағдайда болады. Майдан әскерлері Латвияны, Литваны, Шығыс Пруссияны жаумен кескілескен ұрыспен босатып, Кенигсберг қаласын алады. Госпиталь осы қаладан 10 шақырым қашықтықта орналасады. Соғыстың аяқталуын сол жерде қарсы алды. «Ерлігі үшін» медальдың, Қызыл Жұлдыз, ІІ дәрежелі Отан соғысы орденнің және мерекелік медальдардың иегері. Елге оралғаннан кейін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық станцияда эпидемиолог-дәрігер, осы мекеменің меңгерушісі, кейін аудандық ауруханада рентгенолог болып көп жыл қызмет істеп зейнеткерлікке шығады. 11 баласы, олардан туған немере-шөберелері бар.


Амангельдинский район




Нұрғалиев Хамит

       1919 жылы 15 қыркүйекте қазіргі Аманкелді ауданында туған. 1941 жылдың қазан айында Торғай АӘК-нан әскерге шақырылып, соғыста 182 арт.полкте бағыттаушы болған. Әскерден 1944 жылы Воронеж қаласы түбінде жаралы болып, елге оралған. Қайтыс болған.


Амангельдинский район




Нұрбаев Қыпшақбай Рақымжанұлы

       1925 жылы 24 шілдеде қазіргі Қостанай ауданында туған. 1942 жылы Затобол аудандық әскери комиссариатынан әскер қатарына шақырылады. Майдан жолын Украинаның астанасы Киев қаласын азат етуден бастап, фашизмнің ордасы Берлинді талқандаумен аяқтады. Отан соғысы орденімен, «Будапешті алғаны үшін», «Берлинді алғаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» және мерекелік медальдармен марапатталды. 1945 жылдан Семиозер ауданының Диевка селосында малшаруашылығында жұмыс істеді. Одан кейін 1959-1980 жылдар аралығында «Көктал» совхозында мал шаруашылығымен айналысты. Зейнеткер, соғыс ардагері. Немере, шөберелерінің ортасында аман-есен жүріп жатыр. Қарамеңді ауылы Науырзым ауданында тұрады.


Наурзумский район




Нұрбаев Махмұт

       1922 жылы Аманкелді ауданы, Ақайдар деген елді мекенінде туған. Соғыс басталған жылдың қарашасында майданға аттанады. Москва түбіндегі 316-шы атқыштар, кейін 8-ші гвардия, генерал Панфилов атындағы дивизия құрамында, 1075 полкінің 1 батареясының наводчигі болып соғысқа қатысады. Холма қаласын алудағы түнгі шайқаста ауыр жараланып (бұл 20 сәуір 1942 жыл), Саратов қаласындағы госпитальда жатып жазылып, кейін 40-шы артиллериялық дивизионға жіберілді. Онда да наводчик болып, 1943 жылдың тамыз айына дейін болады. Екінші рет соғысқа Харьков түбіне кіріп, қаланы алуға қатысты. Кейін соғысқа қатысқан жерлері: Украина, Чехословакия, Молдавия, Румыния, Венгрия. Соғыс аяқталғаннан кейін, 1945 жылдың 6 қараша күні комиссияға түсіп, әскерге жарамсыз деп танылды. Алматыға келіп оқуын жалғастырған. 1953 жылы жұбайы Сара екеуі елге оралады. Қорғасын орта мектебінде мұғалім, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, аудандық порткабинеттің меңгерушісі болып қызмет атқарған. Қайынды, Сары-Торғай, Байғабыл орта мектептерінде директор болған. Соңғы кездері аудандық оқу бөлімінің методкабинетінің меңгерушісі, аудандық кешкі жастар мектебінің директоры қызметтерін атқарған. Соғыста алған белглері ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», жеңіске арналған мерекелік медальдар. 2001 жылы мамыр айында дүниеден өтті. Сегіз баласы бар, олардан 26 немере және 4 шөбере сүйген.


Амангельдинский район




Нұржанов Кәрім

       1915 жылы қазіргі Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Тосын ауылында дүниеге келген. Балалық шағы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісі, коллективтендіру, 30-ші жылғы ашаршылық кезеніне тұстас келеді. 1941 жылы Ұлы Отан соғысына алынады. Челябинск облысындағы Шұбаркөлде дайындықтан өтеді. Соғысты Сталинград майданынан бастайды, оқ дәрі тасыған атты әскер құрамында болады. Кейін Украина, Белоруссия майдандарына қатысады. 1945 жылы мамыр айындағы Ұлы жеңісті Берлиннен 40 шақырым айнала қоршап тұрған кеңес әскерінен құрамында қарсы алды. Елге 1945 жылы күзде оралады. Әр түрлі жұмыстар атқарады. 1958 жылдан 1971 жылға дейін шопан болып жұмыс істеген. 1975 жылы зейнеткерлікке шықты. 6 баласы, 14 немересі бар. 2002 жылы 31 қаңтарда қайтыс болады. Жеңістің мерекелік медаль-белгілермен, І дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Кенигсбергті алғаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Ерлік еңбегі үшін. Владимир Ильич Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне» мерекелік, «Еңбек ардагері» медальдармен марапатталған.


Джангельдинский район




Нұрмағанбетов Баймұхан

       1914 жылы 10 қыркүйекте бұрынғы Қараторғай болысы, қазіргі Аманкелді ауданы Сары-Торғай өзенінің бойындағы Екідің деген жерде дүниеге келген. Аманкелді орта мектебінде оқыған. 1932 жылы Қостанай облысы, Федоров ауданына қарасты Пешков ауылына жанұясы көшіп барған. Сол жерде комбайыншының көмекшісі, комбайыншы болып жұмыс істеген. 1941 жылы Федоров ауданындағы әскери комиссариатынан әскер қатарына шақырылып, 25-ші армиясы, 415-ші атқыштар дивизиясының құрамындағы пулемет ротасында пулеметші болған. 1942 жылы жараланып, госпитальда емделіп шыққаннан кейін 24-ші резервтегі полкте, Шұбаркөл қаласында соғысқа жаңа алынған жауынгерлерден пулеметшілер дайындайтын курста инструктор болған. Бұл қызметтен 1944 жылы денсаулығына байланысты босап, елге келген. Соғыста жүргенде «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Одан басқа «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» және соғыстан кейінгі мерекелік 4 медалі бар. Жолдасы Айкүл екеуі 10 бала тәрбиелеп өсірген. Олардан туған 31 немере, 11 шөбере сүйген. 1946 жылы Қостанай қаласындағы есепшілер дайындайтын курсты бітіріп, кейін осы саладағы техникумды тәмамдаған. 40 жылға жақын мал бордақылау мекемесінде, кейін зейнеткерлікке шыққанша аудандық ауылшаруашылығы кәсіподағы мекемесінде есепші болып қызмет істеген. 1993 жылы қайтыс болды.


Амангельдинский район




Нұрмағанбетов Мұханбетжан

       1912 жылы Торғай уезінің Жаркөл ауылында туған. 1942 жылдың сәуір айында Торғай АӘК-нан әскер қатарына шақырылып, 564 АП құрамында қатардағы жауынгер болған. Смоленск қаласы үшін болған ұрыста 1943 жылы жараланып, госпитальда емделген. Сол ауыр зақымына байланысты әскерге жарамсыз болып, елге оралған. Елге келгеннен соң, Аманкелді ауданының Байғабыл мектебінде қоймашы, кейін Кенжабық, 1 Май колхоздарында есепші болып жұмыс істеген. 1952 жылы шілде айында қайтыс болған, жанұясында ұл, қыздары бар.


Амангельдинский район




Нұрманов Қуанышбай

       1925 жылы 20 қазанда Қостанай облысы, Аманкелді ауданы, №13 Октябрь ауылында дүниеге келген. 1941 жылы әскерге шақырылған, Шұбаркөлде дайындықтан өткен. Қиын шайқас үстінде екі аяғына оқ тиіп, таңдайынан жараланған соң, госпитальға түседі. Жеңістің мерекелік медальдарымен және Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуковтың медалімен марапатталған. 1944 жылы елге оралған, Ынталы ауылында басқарма болып қызмет атқарған. 1955 жылдан «Дәмді» совхозында малшы болып жұмыс істеген. 1962-1966 жылдары егін қорғаушы болған. 1977 жылы 22 қазанда қайтыс болды. Бұл кісінің қазіргі күнде 1 қыз, 3 ұл, немере, шөберелері бар.


Наурзумский район




Нұрманов Әбдіхамит

       1912 жылдың қаңтар айында қазіргі Қостанай облысы, Аманкелді ауданына қарасты Байғабыл ауылында туған. Сондағы бастауыш мектепті бітіріп, Қаратартпа серіктестігінде, кейін Калинин атындағы колхозда есепші болып жұмыс істеген. 1942 жылы әскерге алынып, алғашында 371-ші атқыштар полкінде, кейін 224-ші минометшілер полкінің құрамында Сталинград майданында соғысады. Алғашқы ұрыста көзге түсіп «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалін алады. Кейін бас қолбасшы И.Сталиннің атынан 6 рет алғыс, Қызыл Жұлдыз орденімен, «Берлинді алғаны үшін», т.б. медальдармен марапатталған. 1945 жылы елге оралып, аудан шаруашылықтарында зейнеткерлікке шыққанша мал фермасының меңгерушісі, зоотехник, бухгалтер-есепші, 1972 жылы «Қазақстанның 40 жылдығы» совхозында директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары болып қызметтер атқарған. Жанұясында 4 ұл, 3 қыз және немере-шөберелері бар.1995 жылы қайтыс болған.


Амангельдинский район




Нұрманов Әлжан

       Торғай уезі, Бетпаққара болысының № 12 ауылында 1917 жылы дүниеге келген. 1941 жылы әскер қатарына шақырылды. Майдан шебінде жүріп 1942 жылы Тамбов қаласының түбінде қатты жараланып, госпитальда емделеді, соғысқа жарамсыз болып босатылған. Елге оралған соң өз ауылында қызмет еткен. 1944 жылдан мал дәрігері болған, одан кейін Мереке орта мектебінде есепші қызметін атқарған. Соғыстағы ерлігі үшін І дәрежелі Отан соғысы орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен, Жеңістің мерекелік медальдарымен марапатталған. Жұбайы Құрмаш екеуі екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген. Әлжан Нұрманұлы 1972 жылы дүниеден өттi.


Наурзумский район





А | Б | В | Г | Д | Е | Ж | З | И | Й | К | Л | М | Н | О | П | Р | С | Т | У | Ф | Х | Ц | Ч | Ш | Щ | Ъ | Ы | Ь | Э | Ю | Я Все
Яндекс.Метрика