![]() Әбжанов Сәмен 1922 жылы 16 мамырда Қостанай облысы, Аманкелді ауданының №5 ауылында туған. Ұлы Отан соғысына 1942 жылы алынды. 1943 жылдың күзіне дейін 520-ші атқыштар полкінде болды. Одан кейін 1945 жылдың маусымына дейін 31-ші танкі полкының барлаушылар взводында болды, Берлинді басып алу шайқасына қатысты. 1945 жылдың жазында Москвада өткен, Ұлы Жеңіске арналған әскери парадқа қатысты. 1946 жылдың соңына дейін 65-ші атқыштар полкінде әскери міндетін Украинада атқарды. Майданда екі рет ауыр, бір рет жеңіл жараланды. Елге оралғаннан кейін Мойынты-Шу темір жол құрылысында істеді. 1947 жылы қыста Уәлиқызы Сәмиғаға үйленді. Өз елі, Қостанай өңіріне қайтып келді. Ауыл шаруашылығының әр саласында жұмыс атқарды. Ферма меңгерушісі болды, қой бақты, жылқышы болды. Абыройлы еңбегінің арқасында Москвадағы халық шаруашылығының жетістіктері көрмесіне қатысты. 1982 жылы зейнеткерлікке шықты. Жұбайы екеуі 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді, 17 немере, 7 шөбере бар. Құрметті ардагер ІІ дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет» ордендерімен, «Ерлігі үшін», екі мәрте «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», Кеңес Одағының Маршалы Г.К. Жуковтың, «Ерлік еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдармен, Ұлы Жеңіске және ССРО Қарулы Күштеріне арналған жеті мерекелік медальдармен, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Алғыс хатымен» марапатталған. Ел құрметіне бөленген ардақты ардагер 2006 жылдың шілдесінде қайтыс болды. |
![]() Әбілқасымов Жағыпар 1913 жылы қазіргі Аманкелді ауданы, Үрпек ауылында туған. Әскерге 1942 жылы Торғай АӘК-нан шақырылып, соғыста 1945 жылдың желтоқсанына дейін қатардағы жауынгер, 481 артполк құрамында болған. Ерлігі үшін 3 медальмен марапатталған. Елге келген соң, көп жыл бойы шопан болып жұмыс істеп қайтыс болған. Амангельдинский район |
![]() Әбілқасымов Ибатолла 1915 жылы Торғайдың Қошалақ құмында туған. Білімі бастауыш деңгейінде. Елде сауатсыздарды оқытқан. 1938-1941 жылдары дүкенде сатушы боп істеген. 1942 жылы ақпанда әскерге алынған. Москва үшін айқастарға қатысып, 1942 жылдың 13 қарашасында Волхов майданында бір қолдан айрылды. Елге келіп, 1943-1947 жыл аралығында Жангелдин ұжымшарында есепші болды. 1948 жылдан 1960 жылға дейін ұжымшарларда бригадир, есепші, ферма меңгерушісі қызметін атқарды. 1960 жылдан бастап «Бестау», «Шилі», «Юбилейный» кеңшарларында таразы өлшеуші, мұнай базасының меңгерушісі жұмыстарында болды. Соғыс мүгедегі ретінде Жеңістің, Қарулы Күштердің атаулы жылдарында мерекелік медаль, белгілермен марапатталды. 1985 жылы дүниеден озды. Ұрпақтары Ақтөбе, Қостанай қалаларында, туған ауылы Милісайда тұрып жатыр. Еңбекқор, елге сыйлы ақсақал еді. Джангельдинский район |
![]() Әбілдин Мырзалым 1920 жылы Жангелдин ауданы Ақшығанақ ауылында дүниеге келген. Орта мектепті Торғайда, кейін Омбы қаласындағы мектеп-интернатта оқыған. 1939 жылы әскер қатарына шақырылып, сол жақтан Ұлы Отан соғысына аттанған. Соғыстан 1946 жылы, Қиыр Шығыстағы жапондықтармен болған шайқастан кейін елге оралған. «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медалдарымен, соғыстан кейін Отан соғысы орденімен, көптеген даталы медальдармен марапатталған. Соғыстан кейін мамандығы бойынша жұмыс атқарады. Мамандығы мұғалім, Ақтөбе педагогикалық училищесін тәмамдаған. Еңбек жолын 1946 жылдан бастап, еңбек демалысына шыққанға дейін 37 жыл бойы Жангелдин ауданының бірталай мектептерінде мұғалім болып қызмет атқарған. «Халық ағарту қызметінің озаты» атағын иеленген. Зайыбы Шоқпарқызы Қаныммен бірге жанұяда 4 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірген. Балаларынан 15 немере, 8 шөбере көрген. Мырзалым ата зайыбы Қаным екеуі 55 жыл отасып, Қаным әже 2002 жылдың қараша айында, Мырзалым ата 2003 жылдың наурыз айында дүниеден өтті. Джангельдинский район |
![]() Әбілдинов Әбдіқамал 1912 жылы қазіргі Аманкелді ауданында туған. 03.1942 жылы Торғай АӘК-нан әскерге шақырылып, соғыста 42 АП құрамында қатардағы жауынгер болып, 06.1943 жылы жараланып елге оралған. Ерлігі үшін 3 медальмен марапатталған. Елге келіп, көп жыл бойы колхоз, совхоздарда жұмыс істеп, зейнеткерлікке шығып, қайтыс болған. Амангельдинский район |
![]() Әбілтаев Әбдікәрім 1921 жылы Аманкелді ауданы №8 ауылда туған. 1929-1935 жылы Семиозер ауданындағы балалар үйінде тәрбиеленген. 1942 жылы Торғай АӘК-нан әскерге шақырылып, 46 гв. АП құрамында қатардағы жауынгер болған. Лениград қаласын қорғауға қатысып, 23.02.1943 жылы жараланып Киров қаласындағы госпитальда емделіп елге оралған. Колхозда есепші, сатушы болып жұмыс істеп, 1976 жылы зейнеткерлікке шыққан. Жауынгерлік 4 медальмен марапатталған. 1996 жылы қайтыс болған. Артында ұл, қыздары мен немерелері бар. Амангельдинский район |
![]() Әбішұлы Шайман 1905 жылы Торғай қаласында туған. Сауаты бастауыш деңгейінде. 1941 жылы әскерге шақырылып, атты әскер құрамасында жауынгер болған. Сталинград шайқасын бастан кешірген. Бөлімше командирі болған. Киев қаласын азат етуге, Украин майданының құрамында Берлинді алуға қатысқан. 1945 жылы елге оралған соң, көп уақыт ұжымшардың бөлімше басқарушысы болып, мал басын өсіруге үлес қосты. Жұбайы Қалкүл Ділдәбекқызы екеуі ұлағатты ұлдар өсірген үлгілі отбасы. Баласы Жанай кеңшар басқарды, екінші Серігі белгілі журналист, немерелерінің бірі ішкі істер бөлімі басшыларының бірі. Шәкеңнің ұрпақтары бұл күнде Астана, Қостанай, Арқалық, Торғайда тұрып жатыр. Шәкең 1989 жылы қайтыс болды. Джангельдинский район |
![]() Әбішов Жұмабай 1906 жылы Торғайдың Сужарған аулында туған. Соғысқа 1942 жылдың аяғында барған. Оған дейін серіктестікте, ұжымшарда еңбек еткен. 56 атқыштар дивизиясының 182 полкінде ұрыстарға қатнасқан. Соғыста контузия алып, елге 1945-тің қазанында оралған. Зейнетке шыққанша аудан орталығында дайындау, сауда мекемелерінде еңбек етті. 1975 жылы қайтыс болды. Баласы Ораз отбасымен Торғайда тұрады. Джангельдинский район |
![]() Әбішов Молдағали 1916 жылы Павлодар қаласында дүниеге келген. Соғысқа 1941 жылы кетіп, 1945 жылы елге оралған. Майдандағы ерлік істері үшін Отан соғысы орденімен, Кеңес Одағының Маршалы Г.К. Жуковтың медалімен және 10 мерекелік медальдармен марапатталған. Соғыстан кейін Есіл станциясында жұмыс істеген. Бұл кісіден 10 бала бар: жетеуі қыз, үшеуі ер бала. 1971 жылы қайтыс болған. Наурзумский район |
![]() Әблақасов Жамал 1924 жылы Торғай қаласында туған. 1942 жылдың тамыз айында әскерге алынған. 9 запастағы артиллерия полкінде, кейін 85 полкте 1944 жылға дейін жауынгер болған. Әскерден 1947 жылы келген. Аудандық промартельге есепші боп орналақан. Кейін аудандық санэпидемстанция мекемесінде істеді. Ұзақ уақыт, 1984 жылы зейнетке шыққанша, аудандық ауруханада бас дәрігердің шаруашылық жөніндегі орынбасары болды. Әскердегі ерлігі үшін «Жауынгерлік еңбегі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» және Жеңістің, Қарулы Күштердің атаулы жылдарында мерекелік белгі-медальдармен марапатталды. 1993 жылы дүниеден өтті. Екі ұлы, 4 қыздан тараған ұрпақтары Қостанайда, Торғайда өмір жасауда. Джангельдинский район |