Іздібаев Жәкен 1906 жылы мамыр айының 9 күні қазіргі Қостанай облысы, Аманкелді ауданы, 2 ауылда туған. Ұлы Отан соғысы басталғанша колхозда жұмыс істеген. 1942 жылы армия қатарына шақырылып, Ленинград майданына жеберіледі. 171 дивизия құрамында 525 атқыштар полкінде, сол кездегі соғыс «тәңірісі» - «катюша» қондырғысында көздеуші болады. Кейін танкке қарсы ататын құралды арқалап, атқыштар батальонына ауысады. «Бір апта ішіндегі ұрыстарда біз 12 елді мекенді азат еттік, бұл ұрыстарда немістердің 1000-нан астам солдаттары мен офицерлерін жер жастандырлық» - деп еске алады қарт жауынгер. Соғыс аяқталған соң елге оралып, бірден еңбек майданына араласып кетеді. Аманкелді ауданының Киров, Калинин колхоздарында ферма меңгерушісі болып қызмет атқарған. Кейін ірілендірілгенде Калинин колхозының төрағасының орынбасарлығына сайланады. Жұмыстың ыңғайын білетін, сыпайы, әділ, елдің тілін таба білетін басшыларды халық үнемі құрметтеп, сыйлаған. Соның бірі осы Жәкен ақсақал болған. Соғыс кезіндегі Отан соғысы ордені, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», Кеңес Одағының Маршалы Г.К. Жуковтың медалімен, басқада мерекелік медальдарымен марапатталған. Қазір 100-ге келген қадірменді соғыс ардагері және елдің құрметтейтін ақсақалының 4 баласы мен немерелері бар. Амангельдинский район |
Ізтелеуов Қали 1916 жылы туған. 1940 жылдан КПСС мүшесі. 1943 жылдың тамыз айында Қостанай облысының Семиозер аудандық әскери комиссариатынан майданға аттанады.Жапон милитаристеріне қарсы болған ұрыстарға қатысады. 1945 жылы Женіс күнін Моңғол Халық Республикасында қарсы алады. Майданнан оралғаннан кейін Жангелді,Науырзым аудандарында қызмет істеген. ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін» және мерекелік медальдармен марапатталған. 2004 жылы қайтыс болды, артында балалары мен немерелері қалды. Наурзумский район |
Ізтілеуов Әлімғазы 1906 жылы Аманкелді ауданындағы Торғай өзенінің бойында туған. Серіктестікте және кейіннен құрылған «Кең шабын» ұжымшарында жұмыс істеген. Өгіз жеккен соқамен жер жыртып, қолымен тұқым сепкен. 1924 жылы Әлшіман қызы Рымжанға үйленген. 1941 жылы Аманкелді әскери комиссариатының шақыруымен әскерге алынып, 1945 жылдың қарашасына дейін Ұлы Отан соғысына қатынасқан. Батыстағы соғыс біткеннен кейін Жапон соғысына барған. Соғыстан оралғаннан кейін туған жердің Калинин атындағы ұжымшарда «Қазақстанның 40 жылдығы» кеңшарында егін егіп, шөп шауып, қой баққан. Адал еңбегі үшін аудандық партия комитеті және атқару комиттері бірнеше рет марапатталған. Бес бала тәрбиелеп өсіріп, жақсы білім алуларына қамқор болған. Олардан 31 немере, 81 шөбере, 11 шөпшек көрген. Зейнетке шыққаннан кейін де қоғам жұмысына ат салысқан. 1982 жылы фәниден бақиға озған, Аманкелді ауданының Байғабыл ауданында жерленген. Амангельдинский район |
Ізтілеуов Сарбай 1925 жылы дүниеге келген. 1943 жылы әскер қатарына алынып, сол жерден майданға аттанған. Батыс майданында, 152 атқыштар полкта взвод командирінің көмекшісі болған. Соғыстан кейін 1948 жылдың 12 наурызына дейін әскер қатарында болған. Елге оралған соң, «Бірлік» колхозында ферма меңгерушісі болып жұмыс істеген. 1953 жылы Семиозер автомектебін бітіріп, Сталин атындағы колхозда (қазіргі Дәмді ауылы) жүргізуші болып көп жылдар еңбек еткен. 1962 жылдың қазан айында астық жинау науқанында егіс басында жол апатынан қайтыс болды. Майдандағы ерлігі үшін «Ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Наурзумский район |
Күжібаев Хамза 1904 жылы 17 наурызда Торғай уезінің Қайдауыл болысында туған. Қызыл Армия қатарына Шымкент облысының Мақтаарал әскери комиссариаты 1942 жылы маусым айында шақырған. 1942 жылы Тула зауытында бірінші болып ұрысқа кірген. Сол Тула зауытында танк дивизиясында ерлікпен соғысқан. Қазақтан шыққан кәсіби төңкерісшіл қайраткер Әліби Жанкелдинмен бір әулеттен тараған. Соғыс аяқталғаннан кейін елге, Торғайға келді. Бұл 1946 жыл еді. Ауылдан шыққан алғашқы механизаторлардың бірі, КТЗ-НАТИ тракторларын жүргізген. Зайыбы Кәмпит атай екеуі 1 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген. 1990 жылы дүниеден өтті. Джангельдинский район |
Күзембаев Баяхан 1911 жылы Дәмді ауылында дүниеге келген. Соғысқа дейін Жалаңаш ауылында сатушы болып қызмет еткен. 1942 жылы Аманкелді әскери комиссариатының шақыруымен әскерге алынды. Алғашқы күндері Челябі облысының Шұбаркөл деген жерінде әскери дайындықтан кейін майданға аттанған. Алдыңғы шепке бара жатқанда, немістің авиациясы шабуыл жасап, көптеген адам майдан бағытына жетпей қаза табады. Осы жерде қолынан жарақаттанған соң, 6 ай госпитальда емделеді. Жарақаты жазылып шыққан соң, майдан шебіне жіберіледі. Курск доғасындағы шайқастан кейін майданның жорық жолдарымен жаудың бас қаласы Берлинге дейін жетеді. ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», Кеңес Одағының Маршалы Г.К. Жуковтың медальдарымен және Жеңістің мерекелік бес медалімен марапатталған. 1945 жылы 13 қыркүйекте елге аман-есен оралды. Ауылда аз уақыт сатушы болып, Аманкелдіде райсоюзда товаровед болып қызмет еткен. Көтерме базаның директоры болған. 1970 жылы зейнеткерлікке шыққан. 1972 жылы Дәмді елді мекеніне көшіп келеді. 2004 жылы 28 ақпанда қайтыс болады. Наурзумский район |
Күшенбаев Көкентай 1911 жылы қазіргі Аманкелді ауданы, Үрпек ауылында туған. 02.1942 ж. Торғай АӘК-нан әскерге алынып, соғыста 298 АП құрамында қатардағы жауынгер болған. Жауынгерлік төрт медальмен марапатталған. Елге келіп, қайтыс болған. Амангельдинский район |
Күшікбаев Көкентай 1905 жылы Науырзым ауылында дүниеге келген. 1941 жылы неміс-фашист басқыншылары тұтқиылдан соғыс ашқанда, ауылдың ер-азаматтарымен қатар соғысқа аттанған болатын. 1943 жылға дейін Смоленск жерінде сұрапыл соғыстың талай қиындықтарын бастан кешкен. Жаралы да болды, госпитальда емделді. 1944 жылы белінен жаралы болып еліне оралған. Соғыстан кейін Науырзым жерінде ауыл шаруашылығында әр түрлі салада көп жылдар еңбек етті. 1973 жылы қайтыс болды. Наурзумский район |
Күшікбаев Какен 1911 жылы қазіргі Аманкелді ауданы, Кеңтүбек ауылында туған. 1941 жылы Торғай АӘК-нан әскер қатарына шақырылып, 294 АП құрамында қатардағы жауынгер болған. Әскерден 1946 жылы босаған. Қайтыс болған. Амангельдинский район |
Кәдіров Смағанбет Торғай уезінің Жаркешу ауылында 1913 жылы дүниеге келген. Ауыл молдасынан хат таныған. Сауат ашу мектебінде оқыған. Әуелі «Жаркешу» серіктестігінде, кейін «Түйемойнақ» ұжымшарында еңбек етті. Торғай әскери комиссариатының шақыруымен 1942 жылдың наурызында соғысқа аттанады. Москвада 3 ай дайындықта болып, 1943 жылдың желтоқсан айынан майданды. Украинаның елді мекендерін, Австрия, Венгрияны азат ету ұрыстарына қатысқан. Соғысты Германияда аяқтап, елге 1946 жылы оралған. ІІІ топтағы мүгедек. Елге келген соң, ұжымшарда бастауыш партия ұйымының хатшысы, ауылдық кеңестің хатшысы қызметінде болып, ел сеніміне бөленеді. Ұлы Отан соғысына қатынасушы ретінде І дәрежелі Отан соғысы ордені, «Ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және Жеңістің, сондай-ақ ССРО Қарулы Күштерінің атаулы жылдарының медаль-белгілерімен марапатталды. 2002 жылы бақиға өтті. Артында 5 бала, 21 немересі бар. Джангельдинский район |