Книга Памяти



   
поиск по Ф.И.О:             поиск по всем полям:  


По вашему запросу 'Р' было найдено совпадений: 18302


Мұқанов Әміртай

       1918 жылы қазіргі Шеген ауылында туған. Осында бастауыш мектепті бітірген. 1939 жылға дейін серіктестік, ұжымшарға еңбек еткен. Армияға 1939 жылы шақырылған. Ұлы Отан соғысы басталғанда запастағы атқыштар полкінде болды. 1942 жылы аяғынан жарақат алды, Саратов қаласындағы госпитальда емделген. 1943 жылы әскер қатарына жарамсыз деп елге қайтарылған. Әуелгі кезде ұжымшарда, кейін кеңшарда әр түрлі жұмыстар атқарды. 1979 жылы зейнетке шықты. Ұлы Отан соғысына қатысушы ретінде Жеңістің, Қарулы Күштердің атаулы жылдарында медаль, белгілермен атап өтілді. 1995 жылы тамыз айында қайтыс болды.


Джангельдинский район




Мұқанов Ертай

       1926 жылы тамыз айының 1 күні Қостанай облысы, Аманкелді ауданы, Байғабыл ауылында дүниеге келген. Қызыл Армия қатарына 1943 жылы желтоқсан айында алынған. Ай жарым әскери дайындықта болып, ІІ Украина майданында 1313-ші атқыштар, кейін 463-ші полкта байланысшылар батальонында қызмет еткен. Майдандардың жорық жолдарымен Германия жеріне де жетті. Берлинді алған 9 мамыр күні әлі есінде. Содан 1948 жылдың қыркүйегіне дейін шекарада сақшы болды. ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен және 7 медальмен марапатталған. Елге келген соң, мал бақты. Қазір зейнеткер. 2 ұл, 2 қызы бар. Олардан немерелері бар.


Амангельдинский район




Мұқышев Абдрахман

       1923 жылы Аманкелді ауданы, Еңбекші ауылдық кеңесінде туған. Әскер қатарына 1941 жылы Торғай АӘК-нан шақырылып, 60 АП, 109 АД құрамында қатардағы жауынгер болған. Жаумен шайқасты Ленинград майданынан бастап, соғысты Берлин қаласына жақындап аяқтаған. Жауынгерлік ерлігі үшін Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және «Ерлігі үшін», «Венаны алғаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Әскери атағы – аға сержант. Соғыстан кейін көп жыл бойы ұстаз болып бала оқытқан. Соғыстан кейін жеңістің мерекелік медальдарымен марапатталған. Аманкелді ауданындағы Жасбуын орта мектебінен зейнеткерлікке шыққан. Жанұясында ұл, қыздары мен немере-шөберелері бар. Қайтыс болған.


Амангельдинский район




Мұратқали Камалұлы

       1924 жылы 5 мамырда күні қазіргі Жангельдин ауданының Қошалақ деген жерде Камал деген қарияның шаңырағында дүниеге келген он алтыншы баласы. Әкесінен үш жасында қалып, үлкен ағаларының қарауында болады, соның арқасында 30-ші жылдардағы ашаршылықтан да аман қалады. Соғыс басталар жылы 8-9 сыныпта оқыған. 1942 жылдың тамыз айында әскерге шақырылады. Тюмень, кейін Чебоксары қалаларында дайындықтан өтті, 79-ші жеке гвардияшыл минаатқыш дивизионның қатарына қосылды, Солтүстік, Волхов, Калинин майдандарында соғысты. Сол жылдың желтоқсанында қатары сиреген дивизионды бригада құрамымен Москва түбіне қайта құрастыруға жіберілді. Жаңадан шыққан М-В (катюша) қарумен жасақталған бригада қайтадан майдан шебіне оралды. Бригада 33 гвардияшыл полк деп аталды, 3-ші Белорусь майданына қарасты болды. Біздің майдангеріміз өзінің бөлімшесінде кіші сержант атағы бар нысанашы болды. 1943 жылдың 13 наурызында жаңа қарумен ең бірінші рет жауға қарсы от жалыны атқыланды. Бұл Белоруссияны азат етудегі алғашқы шайқастар еді. Содан кейін Польша, Германия болды. Кеингсберг қаласын алуға қатынасты. Майдандағы ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен, «Ерлігі үшін» медальмен марапатталды. Германияны жеңгеннен кейін, Жапонияға қарсы соғысқа қатынасты. 1947 жылдың 4 ақпанында әскер қатарынан босап, елге оралды, бір жылдан кейін еңбекке араласты. Колхоздарда дайындау мекемесінің агенті болды, партия, совет, кәсіподақ қызметтерін атқарды, Шилі совхозында бөлімше меңгерушісі, жұмысшылар кооперациясында істеді. Құрметті демалысқа шықты, көп жылғы еңбегі бағаланып, «Тың жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» медальдармен марапатталған. Алты бала тәрбиеледі, олардан 17 немере, 7 шөбере сүйіп отыр.


Амангельдинский район




Мұхамбетов Айдар

       1918 жылы Торғайдың Тосын құмында өмірге келген. 1939 жылы Алматы облысындағы Түрген педагогикалық училищесін бітірген. Еңбекші қазақ ауылында мұғалім болып жүргенінде әскерге шақырылды. 1941 жылдың тамыз айынан соғысқа кіріп, қанды айқастың бірінде немістерге тұтқынға түседі. 125 атқыштар полкінде жауынгер еді. 1945 жылдың сәуір айында Кеңес әскерлері босатып алады. 1945 жылдың мамырынан 1946 жылдың маусымына дейін 5-ші трофейный батальон құрамында болды. Неміс тұтқынында болуы салдарынан кеңестік қауіпсіздік органдары тарапынан көптеген аяусыздықты бастан кешірді. Торғай әскери комиссариаты 1947 жылдың желтоқсанында есепке қабылдаған. Жұбайы Сабыркүл Айса қызы екеуі өмірге үш ұл, екі қыз келтірді. Өзі 1984 жылы автобазада қоймашы болып жүрген кезінде дүниеден өтті. Ұрпақтары Астана, Қостанай, Арқалық, Торғайда өмір сүруде.


Джангельдинский район




Мұхаметжанов Әмірхамза

       1926 жылы Аманкелді ауданы, Еңбекші ауылдық кеңесіне қарасты Ағайдар ауылында туған. 1945 жылы қаңтарда әскерге Аманкелді АӘК-нан шақырылып, 1945 жылдың мамырына дейін 298 АП құрамындағы 2 мехбатта жауынгер болған. Елге келгеннен соң, осы аудандағы Абай колхозы, кейін «Коммунизм жолы» совхозында жүргізуші болып көп жыл жұмыс істеген. І дәрежелі Отан соғысы орденімен және соғыстан кейінгі мерекелік медальдармен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Тың жерлерді игергені үшін», «Ерлік еңбегі үшін. Владимир Ильич Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне» медальдарымен марапатталған. 1994 жылы қайтыс болған.


Амангельдинский район




Мәдиев Оразалы

       1894 жылы қазіргі Костанай облысы, Таран аудынының Кіндіксай ауылында туған. Бастауыш мектептің мұғалімі болған, Қостанай педучилищесінде сырттай оқыған. 1942 жылдың ақпанында әскер қатарына Семиозер АӘК-нан шақырылып, 250-ші атқыштар полкінің құрамында соғысқа қатысқан. 1942 жылдың 19 қыркүйегінде ауыр жарақат алып № 241 эвакогоспиталында емделді. 1943 жылы 8 қантарда медициналық комиссияның әскерге жарамсыз деген шешімі бойынша 3 топтағы мүгедек болып елге оралады. Көп ұзамай өзінің бұрынғы кәсібі-ұстаздыққа кіріседі. 1954 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін бастауыш мектептің мұғалімі болып Семиозер ауданының Қожағөл, Иінқұдық, Қосжалтыр, Таран ауданының Кіндіксай, Достияр, Жамбаскөл, Ақтөбе, Қайындыкөл атты елді-мекендерінде қызмет атқарған. Оразалы қарт соңғы кезіне дейін Таран ауданы, Мақсұт селосында тұрды. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген, 9 немеренің, 3 шөберенің, жиен-жиеншарлардың қызығын көрген. «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған. 1973 жылы қайтыс болды, Мақсұт селосында жерленген.


Тарановский район




Мағамбетов Сәрсен

       1914 жылы Қостанай уезінің Пешков селосында туған. Соғысқа дейін Қостанай қаласындағы мал дәрігерлік техникумында оқыған. 1941 жылы әскерге алынып, соғыста 107 АП құрамында бөлімше командирі болған. Әскери атағы – сержант. Сталинградты қорғау ұрыстарына қатынасқан. Жауынгерлік ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз, І дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» және соғыстан кейін жеңістің мерекелік медальдарымен марапатталған. 1945 жылы мамыр айында әскер қатарынан босап келгеннен кейін, Аманкелді аудандық мал дәрігерлік мекемесінде мал дәрігері болып көп жыл жұмыс істеп, қайтыс болған. Жанұясында ұл – қыздары мен немерелері бар.


Амангельдинский район




Мағзумов Шынтемір

       1917 жылы мамырдың 15-де қазіргі Қостанай облысы, Аманкелді ауданына қарасты Байғабыл деген жерде туған. Бастауыш мектепте білім алған. 1 май колхозында жұмыс істеген. 1941 жылы әскер қатарына шақырылды. Әскери дайындықтан кейін Ленинград майданына жіберіледі. Ладого көліне жетіп, «Өмір жолы» деген өткел арқылы Ленинград қоршауына өтіп, соғысқа қатысқан. Кронштадт тұсында 272-ші атқыштар полкінің қарауында жаумен соғысып жүргенде қолынан жараланып, госпитальда жатып емделеді, жазылып шыққаннан кейін ІІ Белорусс майданына жіберілген. 37-ші гвардиялық дивизияның 118-ші атқыштар полкінің құрамында Балтық теңізі бойындағы Данциг-Гданьск қалаларына дейінгі елді мекендерді босатуға қатысқан. Польша жеріндегі соғыста екінші рет аяғынан ауыр жараланып, тиісті әскери дәрігерлік көмектің арқасында 1944 жылы 2 топтағы мүгедек болып елге оралады. Соғыста жасаған ерліктері ескеріліп, Отан соғысы орденімен, «Ленинградты қорғағаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», Кеңес Одағының Маршалы Г.К. Жуковтың медальдарымен, соғыстан кейінгі мерекелік 6 медальмен марапатталған. Елге келгеннен кейін аудан мекемелерінде күзетші, зейнеткерлікке шыққанша аудандық тұтынушылар кооперациясы мекемесінде жүкші болып жұмыс істеген. 5 ұл, 4 қыз, немере көріп, 2001 жылы қайтыс болды.


Амангельдинский район




Мақсұтов Біркен

       Науырзым өнірінің Қожа елді-мекенінде 1916 жылы дүниеге келген. Бастауыш мектепті тәмамдап, мұғалімдер даярлайтың курста оқыған, білім саласында еңбек етті. Ұлы Отан соғысына Аманкелді аудандық әскери комиссариатынан шақырылып, 1942 жылы Отан қорғауға аттанды. Соғыс кезінде артиллерист-көздеуші болып, Украинаны, Венгрияны, Чехословакияны, Польшаны, Шығыс Германияны азат етуге қатысты. Майданның ауыр жолын Берлин түбінде аяқтады. Майдандағы ерлігі үшін І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, Жоғарғы бас қолбасшысынан, майдан қолбасшыларынан 12 рет алғыс алды. 1945 жылы елге жеңіспен оралып, білім саласында, ауыл шаруашылығында ұзақ жылдар есепші болып жүріп, 1976 жылы еңбек зейнеткерлігіне шыққан. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере, шөберелерін көріп, елге сыилы Біркен ақсақал 1996 жылы дүниеден өтті.


Наурзумский район





А | Б | В | Г | Д | Е | Ж | З | И | Й | К | Л | М | Н | О | П | Р | С | Т | У | Ф | Х | Ц | Ч | Ш | Щ | Ъ | Ы | Ь | Э | Ю | Я Все
Яндекс.Метрика